Қимылды ойындар картотекасы

Қимылды ойындар картотекасы

1.Жүгіруге арналған ойындар

1.Ұшқыштар
2.Түрлі-түсті көліктер
3.Құстар мен мысық
4.Аю апанында
5.Өзіңе жұп тап
6.Аттар
7.Сылдырмақты сылдырлат
8.Тығылмақ

2.Секіруге арналған ойындар

9.Қояндар мен қасқыр
10.Қаздар мен түлкі
11.Сұр қоян жуынады
12.Қойлар мен қойшы
13.Ұшатын құстар

3.Затты лақтыру мен қағып алуға арналған ойындар

14.Мысықтар мен балалар
15.Лақтыр да қағып ал
16.Кеглиді көзде
17.Тор арқылы допты лақтыр
18.Доптар мектебі

4.Кеңістікті бағдарлауға арналған ойындар

19.Дөңгелекті лақтыр
20.Қайда жасырылғанын тап
21.Ұстап ал
22.Тап та үндеме
23. Кім кетті

1.Ұшқыштар
Мақсаты:
 балаларды бір-біріне соғылмай жүгіруге, белгі бойынша қозғалуға үйрету; кеңістікті дұрыс бағдарлауларын дамыту.
Шарты:Балалар 3-4 топқа бөлінеді. Олар бірінің соныңнан бірі қолбасшының артында тұрады. Түрлі-түсті жалаушалармен белгіленген алаңдарда топтар орналасқан. Бұл- әуежай. «Ұшқыштар ұшуға дайындалыңдар» – деген тәрбиешінің белгісімен балалар әртүрлі бағытта жүгіреді, өз ұшағының қасында тоқтайды, жанармай құйып алады /еңкейеді/, моторды айландырады /қолдарымен кеуденің тұсында айландырады/, қанаттарын жан-жаққа созады, ұшады /әртүрлі бағытта жан-жаққа жүгіреді/. Ұшақтар тәрбиеші «қоныңдар», – деген белгі бергенше ауада ұшып жүреді. Бұдан кейін қолбасшы топтарын жинап әуежайға қонуға әкеледі. Қай топ бірінші келеді, сол жеңеді. Ойын 4-5 рет қайталанады.
Ұсыныс: ойында әртүрлі құралдарды пайдалануға болады. Әуежайды белгілеп қойған жалаушаларды тәрбиеші білдірмей ауыстырып қояды. Қолбасшының топтарын әуежайға дұрыс орналастыруы қажет.


2.Түрлі-түсті көліктер

Мақсаты:
 балаларды ойынның шартын бұзбай ойнауға, белгі бойынша қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландыру, зейіндерін, байқағыштықтарын дамыту.

 Шарты:Балалар бөлменің қабырғасының жанында тұрады. Олар -гараждағы көліктер. Әр ойнаушы қолдарына жалау немесе картоннан жасалған түрлі-түсті диск ұстап жүреді.Тәрбиеші бөлменің ортасында тұрып, ойнаушыларға қарап тұрады, оның қолында 1 жалауша /2 немесе 3 бірге/, біреуін көтерген кезде сол түсті көліктердің жүрісін, дауысын келтіріп жүреді. Тәрбиеші жалауын түсірген кезде, көліктер тоқтап, бұрылып, гаражға барады. Ойын 4-6 рет қайталанады.

Ұсыныс: тәрбиешіде қызыл түсті жалау болуы мүмкін. Байқаусызда ол жалауды көтереді- белгі бойынша барлық көліктер тоқталуы қажет.

3.Торғайлар мен мысық
Мақсаты:
 балаларды ойынның шартын бұзбай ойнауға, белгі бойынша қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландыру, зейіндерін, байқағыштықтарын, жүгіру дағдыларын дамыту.
Шарты:Жерді шеңбермен белгілеу керек /5-6м.диаметрмен/. Ортада тәрбиешімен тағайындалған бала жүреді – ол мысық. Қалған балалар шеңбердің сыртында- олар торғайлар. Мысық ұйықтап қалады.Торғайлар шеңбердің ішіне дән жеуге кіреді. Мысық оянып кетеді де, торғайларды көріп, оларды ұстай бастайды. Торғайлар шеңберден шығуға асығады. Шеңбердің ішінен мысыққа ұсталған торғайлар, шеңбердің ортасында қалады. Мысық 2-3 торғайды ұстаған соң, тәрбиеші жаңа мысықты таңдайды. Ұсталған торғайлар басқа ойынаушыларға қосылады. Ойын 4-5 рет қайталанады.
Ұсыныс: мысық ақырын барыпторғайларды ұстайды (қатты ұстамай, ақырын ғана қолын тигізеді).

4.Аюдың апанында
Мақсаты:
 балаларды ойынның шартын бұзбай ойнауға, белгі бойынша, мәтіннің сөзіне сай қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландыру, зейіндерін, байқағыштықтарын, жүгіру дағдыларын дамыту.
Шарты:Бір жақта аюдың апаны болады. Екінші жақта балалар тұратын үй болады.Тәрбиеші аюды балалардың ішінен біреуін тағайындайды.Тәрбиеші: «Балалар қыдырып келіңдер»,- дегенде балалар үйлерінен шығып, саңырауқұлақ теріп, көбелек ұстап,орманда қыдырады /еңкейеді, түзеледі, басқа қозғалыс жасайды/. Олар дауыстап айтады:
-Біз аюдың қасында
Жеміс- жидек тереміз,
Аю ұйықтамайды,
Аю ырылдайды.
«Ырылдайды»,- деген сөзден кейін аю үйлеріне қашып бара жатқан балаларды ұстай бастайды. Аюдың қолы тиген балалар аюдың апанында қалады. Бірнеше рет ұсталғаннан кейін аюдың рөліне басқа бала тағайындалады. Ойын 3-4 рет қайталанады.
Ұсыныс: Ойынның басқа нұсқасы болуы мүмкін- екі аюмен ойнауға болады.

5.Өзіңе жұп тап
Мақсаты: балаларды ойынның шартын бұзбай ойнауға, белгі бойынша, мәтіннің сөзіне сай қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландыру, зейіндерін, байқағыштықтарын, жүгіру мен жүру дағдыларын дамыту.
Шарты:Тәрбиеші ойнаушыларға негізгі түстен бір -бір жалаудан таратады. Даңғыраның белгісімен, шапалақпен – жалауын көтеріп алаңда жүгіреді. Келесі белгімен – даңғыраны бірнеше ұрғылаумен, шапалақпен, «Өзіңе жұп тап»- деген сөзбен, түстері бірдей жалаулары бар балалар жұп құрады. Әр жұп өз беттерімен фигура жасайды. Жұпсыз қалғандарға ойнаушылар мынадай сөздер айтады: «Арман, Арман, аузыңды ашпай, тезірек жұбыңды таба ғой». Содан кейін белгі бойынша барлығы алаңға жүгіріп келеді: 5-6 рет ойын қайталанады.
Ұсыныс: ойында тақ сан ойнаушылар қатысады, тәрбиеші де қатысады. Тәрбиешіде әртүрлі түсті жалаулар болуы керек: ойын қайталанғанда балалардың жалаулары ауысады. Ойыншықтар белгі бойынша өздеріне жұп таңдайды.

6.Аттар
Мақсаты: балаларды ойынның шартын бұзбай ойнауға, белгі бойынша, мәтіннің сөзіне сай қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландыру, зейіндерін, байқағыштықтарын, жүгіру мен жүру дағдыларын дамыту.
Шарты:Балалар екі бірдей топқа бөлінеді. Біреулері – аттар болады, басқалары – шабарман болады. Шабарманның қолында -ауыздық. Аланның басқа жағында- аттар жайылатын жер, бұнда аттар тұрады, басқа жағында шабармендар. Тәрбиеші: «Шабармандар, тұрыңдар, тезірек аттарды дайындаңдар!»- дегенде шабармандараттан түсіп, аттарды жайылымға жіберіп, өздерінің орындарына барады. «Шабармандар, аттарыңды ұстаңдар»,- дегенде әрқайсысы өздерінің аттарын ұстайды. «Аттарыңды ат қораға апарыңдар»,- дегенде апарады. Ойын 3-4 рет қайталанады.
Ұсыныс: ойында жүгірумен жүгірудің түрлерін кезектестіруге болады.Ойынды түрлендіруге болады: ат шабуы, орманға саяхат, т.б..

  1. Сылдырмақпен сылдырлат
    Мақсаты: балаларды ойынның шартын бұзбай ойнауға, белгі бойынша, мәтіннің сөзіне сай қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландыру, зейіндерін, байқағыштықтарын, жүгіру дағдыларын дамыту.
    Шарты:5-6 балалар алаңның бір жағында сызықтың ар жағында тұрады. Қарама-қарсы жақта орындықтарда бір бірінен арақашықтығы бірдей болып сылдырмақтар (балалардың санына сай) жатады. «1-2-3, жүгіріңдер»- деген белгі бойынша балалар сылдырмақтарға қарай жүгіреді, жоғарыға көтереді де сылдырлатады. Бірінші жетіп, сылдырлатқан бала жеңіске жетеді. Сол балалар орындарына барады, басқа ойнаушылар қатысады.
    Ұсыныс: ойынды қиындатуға болады: кедергілерден секіртіп /жіптен, текшелерден, шеңберден өту, т.б./

8.Тығылмақ
Мақсаты: Балаларды қырағылыққа,ептілікке, бірлікке тәрбиелеу.
Ойынның шарты: Тәрбиеші санамақ арқылы жүргізуші сайлап алады. Жүргізуші тәрбиешінің қасында немесе белгіленген жерде көзін жұмып тұрады, ал басқа балалар тығылады. Жүргізуші: « 1-2-3-4, іздеуге шықтым». Тауып алған баланың атын атайды. Осылай 3-4 баланы тапқан соң басқа баланы сайлайды.

9.Қояндар мен қасқыр

Мақсаты: Балаларды алғырлыққа, қырағылыққа, татулыққа тәрбиелеу. Ептілік қасиеттерін арттыру. Денсаулықтарын шынықтыру.
Шарты: Бір бала қасқыр болады, ал қалған балалар қояндар болады. Қояндар өз үйлерінде тығылып жатады, ал қасқыр өзінің апанында жатады. Тәрбиеші:
– Секеңдеңдер қояндар,
Жүгіріңдер жортыңдар- деген кезде, қояндар үйлерінен шығып секеңдеп ойнайды. Осы кезде қасқыр апанынан шығып қояндарды қуа жөнеледі. Ұстап алған қояндарды апанына апарады. Осылай 3-4 қоянды ұстағаннан кейін ойынды басқа бала жалғастырады.
Ойын 2-3 рет ойналады.

10.Қаздар мен түлкі

Мақсаты: Балаларды қырағылыққа, ептілікке және ойынды дұрыс ойнауға үйрету. Балалардың көңіл күйінің көтеріңкі болуын қадағалау.Балалардың ойынға деген қызығушылықтарн арттыру.
Шарты: Қаздар алаңның бір жағында жүреді. Ал алаңның екінші жағында балалар орындықта тұрады. Алаңға қарама қарсы жақта түлкінің үйі орналасқан. Қаздар жайылып қанаттарын қағып жүреді, тәрбиешінің белгісімен түлкі келді деген кезде қаздар ұша жөнеледі, үйлеріне барып қонады. Түлкі қаздарды қуа жөнеледі, ұстаған қаздарды ініне апарады. Ойын 4-5 рет қайталанады.

11. Сұр қоян жуынады.
Мақсаты: Қимыл қозғалыс қабілеттерін арттыру, тілдерін дамыту, ептілікке тәрбиелеу.
Шарты: Балалар шеңбер жасап тұрады. Қоян болған бала ортаға шығады.
Балалар: Қоян, қоян тұршы,
Беті, қолды жушы
Айнаға қарашы
Шашыңды тарашы
Енді бізді қушы.
Қоян қимылмен көрсете отырып жасап, тұрады. Енді бізді қушы дегенде, балаларды қуа жөнеледі.
Ойын 4-5 рет қайталанады.

12. Қойлар мен қойшы
Мақсаты: Балаларды бірлікке, татулыққа, ептілікке тәрбиееу. Тәрбиешінің берген белгісіне көңіл аудара білуге үйрету.
Шарты: Қойшы сайланып алады. Қалған балалар қойлар болады. Қойшының құралдарын береді. Қойлар алыста жайылып жүреді, қойшы алыстан бақылап тұрады.
Тәрбиеші: Қойшы шықты ертемен,
Қойларын бағып далаға.
Қойлар маңырайды,
Сонан соң жамырайды, – деген кезде қойлар жан-жаққа жамырайды. Ал қойшы оларды жинақтап қораға әкеліп қамайды. Басқа қойшыны сайлайды. Ойын 3-4 рет қайталанады.
13.Ұшатын құстар
Мақсаты: Балаларды табиғат құбылыстарын салыстыра білуге үйрету және қырағылыққа тәрбиелеу, құстар сияқты ұша білу қабілеттерін бақылау, тәрбиешінің берген белгісін тиянақты тыңдай білуге үйрету.
Шарты: Алаңның бір жағында құстар ұшып жүреді. Тәрбиеші құстар ұшты дегенде, қанаттарын желпіп алаңда құстар ұшады. Тәрбиеші дауыл соқты дегенде құстар ұшып барып қабырғадағы сатыларға шығып алады, ал тәрбиеші дауыл басылды дегенде сатыдан түседі де ұшуларын жалғастырады. Ойын 3-4 рет қайталанады.

14.Мысықтар мен балалар
Мақсаты: Берілген белгіні дұрыс тыңдай білуге, ойын ойнағанда қауіпсіздік ережелерін сақтай білуге, топпен ойнауды ойнай білуге үйрету. Ептілікке,алғырлыққа тәрбиелеу.
Шарты: Балалардың жартысы мысықтар болады, ал жартысы олардың иесі болады. Мысықтар баспалдақта отырады, олардың иелері жүрелерінен алаңның екінші жағында отырады.
Тәрбиеші сүт кімге керек деп сүт құйғандай болады.Балалар «кис-кис», деп шақырады.Мысықтар жақындаған да балалар алаңның екінші жағына қашып шығады. Ойын 2-3 рет қайталанады.

15.Лақтыр да, қағып ал.
Мақсаты: Балаларды ептіліке,шапшаңдыққа тәрбиелеу.Тәрбиешінің берген белгісін мұқият тыңдай білуге үйрету.
Шарты: Балалар алаңда еркін орналасады әр біреуінің қолында бір-бір доптан болады.Тәрбиешінің «баста»,- деген белгісі бойынша балалар допты жоғарыға лақтырып қағып алады.Әр бала неше рет лақтырып қағып ала алады,соны санайды.

16.Кеглиді көзде
Мақсаты: Балаларды мергендікке,ептілікке,белгілі бір бағытты көздей білуге үйрету.
Шарты: Балалар екі қатарға бөлініп тұрады,тізілген кеглиларды қолдарындағы доппен көздеп құлату керек. Әрбір бала өзінің неше кегли құлатқанын есінде сақтап отырады.Допты оң қолымен , сол қолымен де домалатуға болады.

17.Допты тордан лақтыр
 
Мақсаты:
 Допты лақтыра білуге үйрету, топпен жарыса білуді ептілікке,шапшаңдыққа үйрету.
Шарты: Құрылған тордың екі жағынан бөлініп тұрады. Арақашықтығы 1-1,5 метр болуы керек. Балалар тор арқылы бір-біріне допты лақтырады.Допты жерге түсірмей қағып алып отыру керек.Тәрбиеші жерге түскен допты санап отырады.Қай топта доп көп жерге түсе сол топ жеңіледі.

18.Доптар мектебі
Мақсаты: Доппен ойнаудың тұрлерін үйрету,екі қолмен қағып алу,қабырғаға үру, жерге ұрып қағып алу сияқты т.б.түрлерін ойнай білу.Ептілікке тәрбиелеу.
Шарты: Балалар тәрбиешінің көрсеткен жаттығуларын орындайды.
1. Допты жоғары лақтырып екі қолмен қағып алу.
2. Допты жерге соғып екі қолмен ұстап алу.
3. Допты жерге соғып шапалақты соғып екі қолмен ұстап алу.
4. Қабырғаға допты соғып екі қолмен қағып алу.
5. Допты қабырғаға соғып ұстап алып,жерге соғып қағып алу.

19.Дөңгелекті лақтыру
Мақсаты: Балаларды белгіленген бағыты көздей білуге,ептілікке,шапшаңдыққа үйрету.
Шарты: Ойын дөңгелектерді көздеп лақтырудан түрады,дөңгелектің диаметрі 15-20см. Ал таяқшаның ұзындығы 30-40см.
Балалар қатарға тұрып 1,5-2метр ара қашықтықта дөңгелектерді таяқшаға дәлдеп лақтырып кіргізу керек.Балалар ойынды бірін кейін бірі жалғастырып ойнай береді.

20.Қайда жасырылғанын тап

Мақсаты: Балаларды қырағылыққа, байқампаздыққа үйрету,бірлікке,татулыққа тәрбиелеу
Шарты: Балалар бөлменің бұрышында тұрады.
Тәрбиеші жалаушаны тығатынын айтады. Балалар теріс қарап көзін жұмады,тәрбиеші жалаушаны тығып қояды да «болды»,деген де балалар жалаушаны іздейді.Тапқан бала жалаушаны тығады.Ойын 2-3 рет қайталанады.

21.Ұстап ал!
Мақсаты: балаларды ойынның шартын бұзбай ойнауға, белгі бойынша қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландыру, зейіндерін, байқағыштықтарын, жүгіру дағдыларын дамыту.
Шарты: Балалар алаңда тұрады. Тағайындап алынған ұстағыш-бала ортада тұрады. «1-2-3, ұстап ал!»- деген белгі бойынша, балалар ұстағыштан қаша жөнеледі, ұстағыш болса біреуін ұстап, қолын тигізеді. Кімді ұстайды, сол аланның шетіне барады.
Ұсыныс:ойынның басқа түрлерін пайдалануға болады: «Қуып жет те, ұстап ал», «Ұстап ал, шеңберде» т.б.

22.Тап та, үндеме

Мақсаты: Балаларды қырағылыққа тәрбиелеу,бірлікке,татулыққа ойын ойнағанда қауіпсіздік ережелерін сақтай білуге үйрету.
Ойын шарты: Балалар алаңның шетінде тәрбиешіге қарама-қарсы тұрады тәрбиешігің берген белгісімен олар қабырғаға бұрылып тері қарап тұрады, Бұл уақытта тәрбиеші орамалды жасырады. Содан кейін балалар көздерін ашып,орамалды іздеуге кіріседі. Тапқан бала білдірмей тәрбиешінің құлағына келіп орамалды көргенін айтады да,орнына келіп отырады. Осылайша барлық балалар орамалды тапқанша ойын жалғаса береді.
Ойын3-4 рет қайталанады.

23.Кім кетті?
Мақсаты: Балалардың есте сақтау қабілеттерін арттырып,байқампаздыққа тәрбиелеу.
Шарты: Балалар шеңберге немесе жарты шеңберге тұрады.Тәрбиеші балаларға қасындағы баланы дұрыс есте сақтау керектігін түсіндіреді,содан кейін сол баланың көзін байлап қояды. Балалардың біреуі тығылып қалады.Тәрбиеші баладан кім жоқ екенін сұрайды. Егер бала тапса,сол баланың көзін жұмады. Ойын 3-4 рет қайталанады.

Қимылды ойындар картотекасы

ІІ кіші топқа арналған

Кілемнің үстіндегі кішкентай орындықтарда қуыршақтар отырады (ойнаушылар санына қарай 8-10). Тәрбиеші балаларды ойынға шақырып, қазір олардың қуыршақтарға қонаққа баратынын айтып, олардың қайда отырғанын көрсетеді. Балалар тәрбиешімен бірге көрсетілген бағытта, жай ғана қуыршақтарға келеді де, олармен амандасады. Тәрбиеші қуыршақтарды алып, олармен билеуді ұсынады. Қуыршақтармен азғана секіріп ойнағаннан кейін балалар олардың орындарына отырғызады да үйлеріне оралады.

Ойын қайталанғанда балалар қонжықтарға, қояндарға (тәрбиеші оларда алдын-ала бөлменің басқа бір бөлігіне орналастырады) қонаққа бара алады. Бұл ойыншықтармен балалар үйіне қайтады да олармен қалағанынша ойнайды.

Қоңырау қайдан естіледі?

Балалар қабырғаға беттерін беріп тұрады. Күтуші әйел бөлменің басқа бір шетіне тығылып тұрады да қоңырау соғады. Тәрбиеші балаларға: «Тыңдаңдар, қоңырау қайдан соғылып тұр, қоңырауды табыңдар», – дейді. Балалар қоңырауды тапқан кезде, тәрбиеші оларды мақтайды, одан кейін балаларға тағы да қабырғаға беттерін беріп тұруды ұсынады. Күтуші әйел басқа жерге тығылады да қайтадан қоңырау соғады.

Жолмен (жалғыз аяқ жолмен).

Тәрбиеші өзіне балаларды шақырады да суретті көрсетіп, жолдың қандай түзу екеніне назар аударады (аралығы 20-30см екі қатар сызық). Бұдан кейін балаларға, сызықтан шықпастан, осы жол бойымен қыдыруды ұсынады. Балалар бірінің артынан бірі бір бағытпен жүреді де сол тәртіппен қайта қайтады.

Бұл ойынды учаскеде өткізген жақсы. Балалардың бір-бірімен соқтықпасы үшін, ойынға бір мезгілде 5-6 адам қатыстырылады.

Күзде учаскедегі жолды ағашқа қарай бағыттап, балаларға сол жолмен жүріп отырып 2-3 жапырақ әкеліңдер деп ұсынған жақсы болады. Бұл тапсырма ойынды жандандыра түседі. Ойын үйдің ішінде өткізілгенде, жолдың аяқталар жеріне жалаулар немесе басқа ойыншықтар қою керек, балалар оларды алып келеді.

Кішкене өзен арқылы.

Тәрбиеші екі сызық сызады да (үйдің ішінде жіпті пайдалануға болады) балаларға: мынау – «өзен», – дейді; оның үстіне тақтайдан көпір (ұзындығы 2-3м, ені 25-30см) салады да балаларға: «Көпір арқылы жүруді үйренейік», – деп ұсынады. Балалардың бір-біріне соқтығыспай тек тақтайдың үстімен ғана жүруін бақылай отырып, тәрбиеші балаларға суға құлап кетпеуі үшін жай жүру керек деп ескертеді: балалар тақтаймен ары-бері 2-3 рет жүріп өтеді.

Поезд.

Тәрбиеші «Поезд» ойынын ойнауды ұсынады: «Мен паровоз боламын, ал сендер кішкентай вагонсыңдар». Балалар бірінің соңынан бірі алдында тұрғанның киімін ұстап колоннаға тұрады. «Кеттік», – дейді тәрбиеші, балалардың бәрі «шу-шу» деп дабырлап, оның артынан жүре бастайды. Тәрбиеші поезды бір бағытта, одан кейін екінші бағытта жүргізеді, одан кейін жүруді баяулатады, ақырында тоқтайды да: «Кідіріс» («Аялдама»), деп хабарлайды. Біраз уақыттан кейін тағы да гудок беріледі де поезд қайтадан жолға аттанады.

Жел көбік.

Балалар бір-бірінің қолынан ұстап, жақын-жақын дөңгелене тұрады. Тәрбиешіге қосылып олар мына өлеңді айтады.

Көпіре гөр көбік-шар,

Көпіре гөр кеңіп шар.

Осы күйі қал тұрып,

Кете көрме жарылып.

Өлеңді айтып бара жатып балалар дөңгелек шеңберді кеңейте түседі. Тәрбиеші: «Жел көбік жарылды» деген кезде барлық балалар қолдарын төмен түсіріп, бір дауыспен. «Тарс етті», – дейді де тізерлеп отыра кетеді. Тәрбиеші жаңа көбік үрлеуді ұсынады: балалар орындарынан тұрады, қайтадан дөңгелектеніп тұрады, ойын қайта басталады.

Жалаушаны әкел (таяқ арқылы аттап өту).

Бір топ балаларды (4-6 адамды) жинап алып тәрбиеші оларға жалаушаны көрсетеді, онымен ойнауды ұсынады.

Тәрбиеші кезекпен кімнің жалаушаға баратынын айтады да балалардың әрқайсысының кедергіден дұрыс аттап өтуін бақылайды. Орындықтан жалаушаны алғаннан кейін бала сол жолмен кері қайтады.

Балалардың барлығы жалаушамен оралғаннан кейін тәрбиеші жалаушаларды көтеріп, маршпен жүріп өтуді ұсынады. (тәрбиеші ритммен қолын соғады немесе бір-екі, бір-екі деп дауыстап тұрады.)

Одан кейін ойын балалардың басқа тобымен жүргізіледі.

Күн мен жаңбыр.

Балалардың алаңның бір шетінен немесе бөлменің қабырғасынан біразырақ жерге қойылған орындықтардың артында тізерлеп отырады да «терезеге» (орындықтың арқасындағы тесікке) қарайды. Тәрбиеші: «Аспан ашық, күн шығып тұр! Серуенге шығуға болады», – дейді. Балалар бүкіл алаңда жүгіріп жүр. «Жаңбыр! Тез үйге жүріңдер!» деген сигналды естіп, бәрі өз орындарына қарай жүгіріп келіп, орындықтардың артына отырады. Тәрбиеші қайтадан: «Күн шықты! Барыңдар, серуендеңдер», – дейді, ойын қайта басталады.

Допты қуып жет.

Тәрбиеші балаларға доп салынған кәрзеңкені көрсетеді де алаңның бір жағында өзімен бірге қатарласа тұруды ұсынады. Одан кейін кәрзеңкеден доптарды алып, балалардан алысқа, әр жаққа лақтырады. Балалар доптарға жүгіреді, оларды алып кәрзеңкеге салады. Ойын қайталанады.

Балалар қанша болса, доп та сонша болуы керек. Олардың әрқайсысы допты қуып жетіп, кәрзеңкеге салатын болсын.

Ойын варианты.

Ойын үшін түрлі түсті шарлар (ағаштан немесе пластмассадан жасалған) таңдап алынады. Оларды кәрзеңкеге салып, тәрбиеші балаларды шақырады, шарлардың қандай әдемі, олардың түсі қандай екендігін де айтып береді. Одан кейін: «Қараңдар, шарлар қалай домалап кетті… қуып жетіңдер де қайтадан кәрзеңкеге салыңдар» – дейді. Балалар кішкене шарларды қуып жетеді де кәрзеңкеге апарып салады.

Ойын қайталанған кезде педагог кімнің қандай шар әкелгенін жариялайды: қызыл, сары, т.б.

Пластмассадан жасалған шармен ойынды учаскеде де, тоғай ішіндегі алаңда да өткізуге болады; ағаштан жасалып, сырты жылтыратылған шармен оның бүлінбесі үшін, үй ішінде, кілем үстінде ойнаған дұрыс.

Тәрбиеші балалардың бір жерге шоғырланбай, бүкіл алаңның бойымен жүгіруін (әр бала өз шапшаңдығымен жүгіреді) қадағалайды.

Алғашқыда ойын азғана балалармен жүргізіледі, одан соң бірте-бірте ойнаушылардың саны көбейе түседі.

Күн шұғыласы (сәулесі).

Тәрбиеші өзінің жанына бір топ балаларды жинап, айнаның көмегімен күн шұғыласын қабырғаға түсіреді де:

Қабырғаға елбеңдеп,

Ойнайды сәуле құбылып.

Ымдасаң болды «кел» деп,

Жетеді демде жүгіріп.

Сәл үзіліс жасайды да: «Сәулені ұстаңдар» деген сигнал береді. Балалар қабырғаға жүгіріп, қолға тұрмай жалтаңдап тұрған күн сәулесін ұстауға тырысады.

Мені қуып жетіңдер.

Балалар бөлменің бір қабырғасын бойлай қойылған орындықтарды немесе алаңда отырады. Тәрбиеші: «Мені қуып жетіңдер», – дейді де алыңның қарсы жағына жүгіреді. Балалар тәрбиешінің соңынан жүгіріп, оны ұстауға тырысады. Одан кейін тәрбиеші тағы да: «Мені қуып жетіңдер», – дейді де қарсы жаққа қарай жүгіреді, балалар оны қайтадан қуалайды. Екі рет жүгіргеннен кейін балалар орындықтарға отырып дем алады. Одан кейін ойын қайта басталады.

Ойынды азғана балалар тобымен өткізген дұрыс: балалардың бір тобы ойнап жатқан кезде екінші тобы қарап тұрады, одан кейін балалар рөлдермен ауысады.

Маған қарай жүгіріңдер.

Балалар бөлменің бір қабырғасын бойлай қойылған орындықтарда немесе алаңды жағалай отырады. Тәрбиеші бөлменің қарсы бұрышына немесе алаңның ең алыс бұрышына барып: «Маған қарай жүгіріңдер», – дейді. Балалар оған қарсы жүгіреді. Тәрбиеші оларды қолын жайып, ишаратпен қарсы алады. Балалардың бәрі келіп, тәрбиешінің қасына жиналып болғаннан кейін, ол серуендеуді ұсынады. Балалар өздері жүргісі келген жерде емін-еркін тәрбиешімен бірге бөлме ішінде жүреді. Тәрбиеші бұдан кейін: «Үйге қарай жүгіріңдер» – дейді. Балалар жүгіріп барып орындықтарына отырады.

Ойын осылай 4-5 рет қайталанады. Алғашқы кезде ойынды азғана балалар тобымен өткізген дұрыс, кейін ойнаушылардың саны арта түседі (үйлеріне қайтқан кезде балалардың кез-келген орындыққа отыруына болады).

Мысық пен тышқандар.

Ойын азғана балалар тобымен бөлмеде (кілем үстінде) немесе далада, жұмсақ шөпті алаңда, өткізіледі.

Қырынан қойылған гимнастикалық сатының, рейканың немесе кендір жіптің көмегімен тышқандарға арналған орын қоршалады. Мысық таңдап алынады. Ол үлкен орындыққа немесе кесілген ағаштың түбіріне отырады. Тышқандар індерінде отырады.

Тәрбиеші былай дейді:

Тышқанға сақшы санап өзін мысық,

Жатады ұйықтағансып көзін қысып.

Тышқандар індерінен жүгіріп шығып (сатының баспалдақтары арасынан өтеді немесе жіптен секіреді), жүгіре бастайды.

Біраз уақыттан кейін тәрбиеші:

Тынышталыңдар, тышқандар, бекерге шулап күлмеңдер.

Ұйқыға жатқан мысықты оятып алып жүрмеңдер, – дейді.

Бұл – мысыққа берілген сигнал; ол орындықтан түседі, төрт аяқтап тұрады, керіледі, қатты даусын шығарып «мияу» дейді де індеріне қашып бара жатқан тышқандарды ұстай бастайды.

Ойындарды басқа тышқандармен 3-4 рет қайталауға болады.

Алғашқыда мысықтың рөліне мықтылау, тез қимылдайтын балалады, ал кейін істеген ісін мақтап қойып, ұялшақтау балаларды да қоюға болады.

Үрпек төбет.

Балалардың біреуі төбетті бейнелейді; ол кілем үстінде жатады, басын алға созылған қолымен аяғына қояды.

Қалған балалар жай ғана оған жақындай түседі, ал тәрбиеші осы кезде былай дейді:

Алдыңғы екі аяққа басын сұғып,

Әнеки жалбыр төбет жатыр сұлық.

Белгісіз жатқаны ұйықтап, яки қалғып,

Момақан, сырты пішіні жуас салғырт.

Ояталық жақындап барайық та,

Қайтер екен содан соң – қарайық та.

Төбет орнынан ұшып тұрып үре бастайды. Балалар қаша жөнеледі. Төбет оларды қуа жөнеледі. Балалардың бәрі жан-жаққа қашып тығылады. Төбет қайтадан кілемге жатады. Ойын жаңа бастаушымен қайта басталады.

Ойын азғана балалар тобымен жүргізіледі.

………….

Жүктеу: Толығырақ

 


Жарияланды: 29.04.202023:52

Автор: