Оқу үрдісінде – ПОПС формуласы

 

Мектепте жас мамандармен «ПОПС» формуласын оқу үдерісінде қолдану мақсатында коучинг-семинар өтті.  Ғылыми  жоба жазу ережелерін үйретіп, сол жазған шағын жобалары арқылы «ПОПС» формуласының қажеттілігін және оқу үрдісінде, сабақты талдау кезінде қолдануға тиімді екеніне көз жеткізді.

Коучинг-семинар жыл маусымдары арқылы топқа бөлінуден басталды, яғни қыс, көктем, жаз, күз мезгілдері болып. Мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Исина С.Т. ғылыми жоба жазудың жалпы ережелерімен таныстырып өтті де, төрт мезгілге байланысты «Жаздың бір күні, қыстың мың күні», «Сәуір болмай, тәуір болмас», «Қыстың көзі-қырау», «Күз – береке, байлықтың бастауы» атты мақал – мәтелдерді жоба тақырыбы ретінде беріп, шағын жоба жазуды ұсынды. Тақырып өз таңдаулары болмағандықтан жас мамандарға жоба жазуда қиындықтар болды. Жоба  тақырыбын оқушының өз қалауымен, қызығатындай тақырып таңдау керектігіне көз жеткізді.

Жоспар бойынша келесі сөзді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нурхайдарова Г.А. «ПОПС» формуласының шығу тарихын презентация арқылы таныстырып өтті және өз тәжірибесінде оң нәтижесін бергеніне көз жеткізгені туралы айғақты дәлелдемелер келтіріп, таратпа материалдар ұсынып, жазған жобаларын «ПОПС» формуласы арқылы қорғап шығуларын ұсынды.

Яғни ПОПС формуласы дегеніміз – гуманитарлық пәндер бойынша оқушылардың материалды қаншалықты сапалы ұққанын бақылауға арналған инструменттердің бірі, яғни оқушылардың  рефлексиясына бағытталған.  

Бұл тәсіл ОАР-дағы юриспруденция саласындағы маманы Дэвид Майккойд-Мэйсонмен құрастырылған. Ағылшын тілінен аударғанда Позиция-Причина-Объяснение или пример-резюме-Следствие / Түйін-Себебі-Түсініктеме немесе Мысал-Тұжырым.

  • Бұл әдістің маңыздылығы, оқушының бір тақырып бойынша қысқа түрде және жылдам өз ойларын жеткізуде. Қазіргі сабақтың уақытының шектелуіне байланысты бұл фактор маңызды рөл атқарады. Технологияны сабақтың кез келген кезеңінде өткізуге болады:
  • үй тапсырмасын тексеру;
  • өткенді қайталауға арналған кезеңде;
  • бақылау жұмысына дайындық; шығарма, эссе;
  • тақырып немесе бөлім бойынша жоба құрғанда.
  • бастауыш сыныптағы оқушылардың өзіне ауызша жауап бергенде бұл тәсілдің ережесін түсіндіріп қолдануға болады.

«ПОПС» формуласы арқылы:

  • қысқа уақытта бірнеше оқушыны сұрап шығу;
  • оқушының тақырыпты қаншалықты терең түсінгені туралы ақпарат алуға;
  • оқушының тақырып бойынша берер бағасын білуге болады.

Сонымен қатар, мұндай рефлексия:

  • балалардың бағалау ой-өрісін қалыптастыруға;
  • өз ойын реттеп жеткізуге;
  • идеяларын құрастыруға көмектеседі.

Оқушылар өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді, креативтілігін дамытуға мүмкіндік туатындығын түсіндіре келе Нурхайдарова Г.А. жас мұғалімдердің алдына ПОПС формуласының клишесін таратты:

  1. Менің ойымша, …
  2. Себебі, мен оны былай түсіндіремін …
  3. Оны мен мына фактілермен, мысалдармен дәлелдей аламын …
  4. Осыған байланысты мен мынадай қорытынды шешімге келдім…

      «Қыстың көзі –қырау» жобасы бойынша жас маман – Меруерт былай деп тұжырымдады:

Біздің ойымызша, қыс ең әсем және ерекше мезгіл. Қыс мезгілінің жағымды әсері көп.

Себебі қыс мезгілі адамдарға үміт, қуаныш сыйлайтын үлкен мерекелерге толы. Сонымен қатар, қысты ерекше ететін басты көркі –  қар да бар. «Шынықсаң – шыңға жетерсің» демекші, қыс мезгілінің денсаулыққа пайдасы да көп.

Мысалға, таза ауада серуен, шаңғы тебу, конькимен сырғанау сияқты спорт түрлері қуаныш силап қана қоймай, денсаулыққа да пайдалы. Қыстың қаһарлы мінезі көп адамдарға ұнай бермейтінін де білеміз, бірақ қыс мезгілінің ең әдемі мезгіл екені даусыз.

Қорытындылай келе, қыс мезгілінің жағымсыз әсеріне қарағанда, жағымды әсері басым деген шешімге келдік.

«ПОПС» формуласы тек оқыту үдерісінде емес, оқу үдерісінде ашық сабақтарға қатысып кері байланыс беруде де қолайлы екеніне көз жеткізді.

«Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бол» деп тұжырымдама жасаған Махатма Ганди айтқандай жас мамандар осындай  коучинг-семинарлар арқылы өз бойларында өзгерістер болатындығына, келешек ұрпақтарды тәрбиелеуде жаңашыл ұстаз ретінде өздерін биік шыңдардан көрсете білетіндеріне сеніммен қарады.

 

Абдрахманова Гульбаршын Мухаммедиевна

Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейі

химия-биология пәнінің мұғалімі,

«Жас мамандар» кафедрасының жетекшісі

Шет ауданы.


Жарияланды: 12.03.201909:21

Автор: